Қазақстандағы гольф

  1. Басты бет
  2. Жарияланымдар
  3. Қазақстандағы гольф

Гольф – бұл жай ғана жаңа олимпиадалық спорт түрі емес, бұл – өзіндік дәстүрі мен ережелері бар ерекше мәдениет. Қазақстанда алғашқы гольф-клуб 1995 жылы Алматы қаласында ашылған. Бүгінгі күні Гольф федерациясының мәліметінше, ел аумағында жеті гольф-клуб жұмыс істейді. Олардың бесеуі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Жылы климаттың арқасында гольфпен айналысуға ең қолайлы жағдайлар Алматы және Түркістан облыстарында қалыптасқан. Бұл өңірлерде ойын маусымы жылына он айға дейін созылады. Сондықтан да Алматыда бірден екі гольф-клубтың орналасуы кездейсоқ емес.

Nurtau гольф клубы

Алматылық Nurtau гольф клубы – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы гольф клуб, ол 1995 жылы құрылған. Клуб Зайсан Алатауының әсем баурайында орналасқан.Гольф-курорттың алғашқы тоғыз шұңқырлы алаңы 1995 жылы жапон сәулетшісі Саитоның жобасымен салынған. Онда әртүрлі тереңдіктегі құм қақпандары мен су бөгеттері қарастырылған. Кейін, 2004 жылға қарай, жобада тағы тоғыз алаң қосылып, халықаралық стандарттарға сай келетін толыққанды 18 шұңқырлы қазақстандық гольф-курортқа айналды.

Уақыт өте келе кең әрі жайлы клуб үйі, екі деңгейлі драйвинг-рейндж (жаттығу алаңы), тоғыз шұңқырлы жаттығу грині және қысқа ойынды дамытуға арналған грин пайда болды. Сондай-ақ VIP залы, бар мен мейрамханасы бар клаб-хаус та қызмет көрсетеді.

 «Жайлау» гольф клубы

«Жайлау» гольф курорты ТМД аумағындағы ең үздік гольф кешендерінің бірі ретінде танылған. Чемпиондық деңгейдегі 18 шұңқырлы негізгі алаңнан бөлек, мұнда арнайы жаттығу алаңы – драйвинг-рейндж және үш паттинг-грин (қысқа қырқылған шөппен жабылған гольф алаңының бөліктері) бар.Курорт аумағында бес жасанды көл, қолдан жасалған сарқырама сынды өзеншелер мен 82 гектар жерге егілген он бес мыңнан астам ағаш бар. Гольф-курорттың кез келген нүктесінен ашылатын тау көрінісі кәсіби спортшыларды да, әуесқойларды да ерекше әсерге бөлейді.

«Астана» гольф клубы

«Астана» гольф клубы елордадан 13 шақырым жерде, Қарағанды тас жолының бойында орналасқан. Ойын маусымы мамыр айының басынан қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.Клуб аумағында жалпы ұзындығы 6 646 ярд (пар 72) болатын 18 шұңқырлы гольф алаңы бар. Алаң 80 гектардан астам жерді алып жатыр. Гольф-курорт аумағында мейрамхана, гольф-дүкен және сегіз нөмірлі екі қабатты қонақүй қызмет көрсетеді.

«Сарыағаш» гольф клубы

«Сарыағаш» гольф клубы Түркістан облысында, атақты шипажайдың жанында орналасқан. Клуб аумағында сегіз жасанды көл мен құм кедергілері бар 18 ойын алаңы бар.Клаб-хаус ғимаратында мейрамхана, бар, спорт тауарлары дүкені, сондай-ақ саунасы бар VIP-апартаменттер қызмет көрсетеді. Бұған қоса, 25 бөлмелі жайлы қонақүй де келушілерге арналған.

«Бурабай» гольф клубы

Еліміздегі ең жас гольф клубтардың бірі – «Бурабай» гольф клубы 2017 жылы ашылған. Клуб 103 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда чемпионат деңгейіндегі 18 шұңқырлы гольф алаңы орналасқан.Аумақта төрт жұлдызды қонақүй, паркингі бар паркхаус, шағын курорттық коттедждер, сондай-ақ жабық теннис залы, жайлы жағажай, су көлігіне арналған айлақ (пирс) және отбасылық демалысқа арналған аквапарк бар.