Отпан тау тарихи-мәдени кешені

Отпан тау - ежелгі жартас суреттері мен тарихи ескерткіштер кешені.
  1. Басты бет
  2. Туристік көрікті жерлер
  3. Отпан тау тарихи-мәдени кешені

Отпан тау тарихи-мәдени кешені

2004 ж. тарихи-мәдени кешен жобасы ақын Сабыр Адайдың бастамасымен қолға алынып, сәулетші Көпбол Демесіновтің жобасымен салынған. 2007 ж. 25 қазанда кесене ашылды. Казіргі таңда тарихи-мәдени кешен Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

«Адай ата-Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені құрамы:

Адай Ата Кесенесі. Ақсарай-біздің ата-бабамыз Адай атаға және оның екі ұлы: Келімберді мен Құдайкеге арналған 37 метрлік ақ тастан жасалған кесене. Кесене сегіз бөлмеден тұрады, Адай атаның сегіз немересіне арналған. Мұнда аймақ өмірінің өткенін бейнелейтін тарихи мұражай бар;

«Ана келбеті» ескерткіші. Адай Атаның жұбайы барлық аналардың образы. Жүзінде айдың, жүрегінде күннің суреті өрнектелген. Бұл ананың жүзі айдай жарқын, жүрегі күндей ыстық деген мағынаны білдіреді. Көкірегінің тұсында ұшып бара жатқан екі қыран құстың суреті бейнеленген. Бұл ананың құрсағынан шыққан екі баласы Құдайке мен Келімберді. Аналар үйдің иесі. Сол себепті «Ана келбеті» ескерткіші Адай атамыздың Ақордасы – Ақсарайдың жанына орналасқан. Биіктігі 15 метр.

362 баспалдақ. Киелі Маңғыстауда мекен еткен 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ Аксарай мен Адай ата кесенесін жалғастырады.

Адай ата елінің Ел таңбасы. Қалқанның фонында айқастырылып салынған. Найза мен қылыш, ортасында бүкіл ел білетін атауы «Жебе» делінетін Адай таңба. Бұл таңба ұштары біріккен үш сызықшалардан тұрады және ол садақ оғының ұшын бейнелейді. Бұл Ерліктің, Елдіктің, Бірліктің белгісі.

Көкбөрі. «Түгел түркі түбі бір, түпатасы – Көкбөрі» деген ұғымға сай,түркі халықтарының символы.

Адай ата – қазақ халқының қалыптасуында көрнекті рөл атқарған тарихи тұлға. Шежіре бойынша сегіз арыс адай елі осы Адай атадан тарайды. Адай бабаның тарих аясына шығуы 15 ғасырдың орта тұсы.

Отпан тау-жақындап келе жатқан қауіп кезінде жергілікті халықты шабуыл қаупі туралы хабардар етіп, сигналдық от жағылған тау шыңы. Отпан тау шыңында жанған от кез келген жерден көрінеді. Отпан тауда Ата-бабаларымыз халық тағдырында маңызды шешімдерді қарау және қабылдау үшін жиналды. Осы жерден ақсақалдар мен данышпандар жауынгерлерді шайқастарға жіберді.